18.11.2021

Мунира Жұмаділова: Біздің мақсатымыз - адам тәуекелдерін азайту және бизнес-процестерді оңтайландыру

Мунира Жұмаділова: Біздің мақсатымыз - адам тәуекелдерін азайту және бизнес-процестерді оңтайландыру

«Бәйтерек» холдингі Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіздік құрдасы» айдарын жалғастыруда. Біз осы жылы Холдингтің және еншілес ұйымдардың 30 жасқа толған немесе толатын қызметкерлерімен әңгімеле жүргіземіз. Бүгінгі күннің кейіпкері – «Отбасы банкінде» жұмыс істейтін және оның жұмысына цифрлық шешімдерді енгізетін Мунира Жұмаділова.

- Мунира, өзіңізді таныстырып өтсеңіз. Білуімізше Сіз тәуелсіздікпен түйдей құрдассыз?

- Менің аты-жөнім Жұмаділова Мунира Мұратқызы. 1991 жылы 24 тамызда ШҚО Семей қаласы Бесқарағай ауданында дүниеге келдім. Көп балалы отбасында туғанмын. Үйдің үлкені мен, кейін үш сіңлім және кіші інім бар. Балалық шағымда банк қызметкерлерінің ақ жейде, классикалық костюм, логотипті галстуктерін көріп, мен де өскенде банкте жұмыс істеймін деп армандайтынмын.

Анам өзі жастайынан мұғалім болып қызмет істегендіктен, «сабағыңды жақсы оқысаң, сеннен банк қызметкері әлбетте шығады» – деп, оқуға баулап, бағыт-бағдарын беретін. 2011 жылы «Банк ісі» мамандығы бойынша Семей бизнес колледжін қызыл дипломмен тәмәмдап, көктемде балалық арманым орындалып, екінші деңгейдегі банкке есепші ретінде жұмысқа тұрдым. Қазір «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі компаниялар тобына кіретін «Отбасы Банк» акционерлік қоғамында 1-санатты маман қызметінде 2014 жылдан бастап еңбек етудемін.

- Биыл тәуелсіздігіміздің отыз жылдығын атап өтпекпіз. Өткен жолымызды зерделесек, еліміз тұғырын нықтап, іргесін бекіту үшін талай мақсаттар мен міндеттерді орындаған екен. Тәуелсіздікпен бірге адымдап келе жатқан Сіз үшін 30 жылда не өзгерді?

- Менің ойымша еліміз осы жылдар аралығында цифрлы технологияларды дамыту жолында үлкен нәтижелерге қол жеткізді. Әлі де бұл салада үйренеріміз көп деп білемін. Цифрландыру стратегиясын біздің банк те толық қолдайды. Ондағы мақсат – адами тәуекелдерді барынша азайту және бизнес  үрдістерді оңтайландыру. Мысалы біз жуырда «Vision» бағдарламалық қамтамасыз етуді, атқарушылық іс жүргізу органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесін енгіздік. Өз басым цифрландыру бағытында бірнеше салада жұмыс істеп келемін. Атап айтсам, Қаржы құралдарын есепке алу басқармасында мемлекеттік сыйлықақыларды есептеу жұмыстарын атқардым, Операциялық департаментте филиалдармен өзара әрекеттесуді үйрендім, Салым және қарыз операцияларын есепке алу басқармасында бухгалтерияның қыр-сырын меңгердім, Өңдеу басқармасында «Colvir» автоматтандырылған банктің ақпараттық жүйесімен етене жұмыс істедім, Технологиялар департаментімен бірлесіп тестілеу жумыстары сияқты қызықты жобаларға ат салысуға мүмкіндік алдым. Осы ретте бізге оқуға, дамуға, тәжірибе алмасуға, түрлі тренингтерге қатысуға мүмкіндік беріп, кадрлық резервті дамыту үшін жағдай жасап отырған «Отбасы банк» пен «Бәйтерек» ҰБХ-ға алғысым шексіз.

- Тәуелсіз елдің жастары ой еркіндігімен, іс батылдығымен ерекшеленеді. Отбасы банкіндегі кәсіби жолыңызда жүйені өзгертіп, жаңашылдық әкелген шешімдеріңіз болды ма? Осы күні қандай жетістіктеріңізбен мақтана аласыз?

Отбасы Банкінде «Картотека» модулінің үдерістерін орталықтандыру және автоматтандыру бойынша жобаны іске асыруға, «Colvir» автоматтандырылған банктік ақпараттық жүйесіне көшуге, мемлекеттік және жеке сот орындаушыларына арналған атқарушылық іс жүргізу органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесін енгізуге, мемлекеттік кірістер органдары сұраныстары мен екінші деңгейдегі банктердің төлем талаптарын электрондық тәсілмен өңдеу үшін «Vision» ақпараттық жүйесін енгізуге және жетілдіруге қатысқанымды жеке кәсіби жетістіктерім деп айта аламын. Сонымен қатар, мен кәсіби өсуге мүмкіндік беретін Банктің кадрлық резервінің мүшесі екенімді мақтан тұтамын.

Қосымша жаңалықтар

іс-шаралар
күнтізбесі

?

Іздегеніңізді
таппадыңыз ба?

  • Қазақстан Республикасы Президентінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Парламентінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтуге бағытталған электронды ресурстар