2018 жылғы 5 маусымда сағат 13:00-де «Astana Marriott» қонақ үйінде, Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚҚДБ) және «Kazakhstan project preparation fund» ЖШС («KPPF», «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ еншілес компаниясы) С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде көп профильді аурухана салу үшін МЖӘ жобасын әзірлеуге 1 миллион еуро қаражат құрайтын келісім шартын жасасты.   

Келісімге ЕҚҚДБ Президенті Сума Чакрабарти және «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасы Айдар Әріпханов қол қойды. Ісшара Қазақстан Республикасы Президентінің төрағалығымен өтетін Шетелдік инвесторлар кеңесінің 31-ші пленарлық отырысы қарсаңында ұйымдастырылды.  

«Бәйтерек» холдинкті және Еуропалық қайта құру және даму банкін ұзаққа созылған достық қарым-қатынас байланыстырады, - деді холдингтің Басқарма төрағасы Айдар Әріпханов. - Мысалы, 2016 жылы Холдинг ЕҚҚДБ-мен бірлескен іздеу, іріктеу, құрылымдау және өнеркәсіптік және инфрақұрылымдық жобаларды, оның ішінде мемлекеттік-жекеменшік серіктестік механизмдері арқылы стратегиялық әріптестік туралы меморандум жасасты».

Өз сөзінде А.Әріпханов, жаңа келісім инвесторларды тиімді тарту үшін МЖӘ жобаларын құрудың табысты үлгісі болатынын және басқа инфрақұрылымдық жобалардың даму катализаторы болады деп атап өтті.

Өз кезегінде, ЕҚҚДБ Президенті Сума Чакрабарти «Бәйтерек» холдингіне осы жұмыс аясында тығыз ынтымақтастықта болғаны үшін алғысын білдірді.

«Біз қала инфрақұрылымын дамытуға қосқан ортақ үлесімізді мақтан тұтамыз. Алматыда көп бейінді аурухананы ашуымыз осындай маңызды жобалардың бірі болып табылады. Біз Түркияда осындай екі жобаны жүзеге асырып үлгердік, енді бұл тәжірибені біз Қазақстанда дамытатын боламыз. Бұл денсаулық сақтау саласындағы болашақ халықаралық МЖӘ жобалары үшін үлгі болады деп сенемін», – деді С. Чакрабарти.

Келісімшартты орындаушы «Қазақстандық жобаны дайындау қоры» ЖШС болып табылады. Келісім аясында Еуропалық қайта құру және даму банкі ҚазҰМУ жанында көп профильді аурухананы салу үшін халықаралық кеңесшілерді тартуға арналған техникалық көмек көрсетеді. 

Жоба бойынша университетте көп қабатты аурухана (300 орындық) және емхана (тәулігіне 300 рет келу) салынады. Аталмыш жобаның басты ерекшелігі – бұл жұмыс үшін негіз ретінде үш жақты қағидаты - клиникалық жұмыс, білім беру және ғылыми қызмет - қабылданады. Жоғары білікті профессорлар, доценттер, ҚазҰМУ қызметкерлерін емдеу- диагностикалық жұмыстарға тарту арқылы медициналық көмектің сапасын арттыру жоспарлануда. Бұл жағдайда ең тәжірибелі мамандар ҚазҰМУ кафедраларының қызметкерлері болады.

Осылайша білім мен тәжірибе алмасу үздіксіз орнатылады. Елдің жетекші медициналық университетінің прогрессивті клиникамен өзара әрекеттесуі клиникалық үдерісте ғылымның жетістіктерін енгізуге және жаңа буын медицина қызметкерлерін табысты дайындауға мүмкіндік береді. Құрылыстың басталуы 2020 жылы жоспарланған.