«Бәйтерек» холдингі Басқарма төрағасының орынбасары Ғалымжан Тәжияқов бастаған делегация индустриялық-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Италия үкіметаралық жұмыс тобының 8-ші отырысына қатысты. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан-Италия іскерлік кеңесін құру туралы шешім қабылдады.

Сапар барысында «Бәйтерек» холдингінің делегациясы бизнес-форум жұмысына қатысып, ALDEPI макарон өнімдерінің ұлттық қауымдастығы, UBI Banca банк тобы, Finest кредиттік-қаржы ұйымы, Leonardo компаниясы, Cassa depositi e prestiti Group корпорациясы сынды итальяндық құрылым өкілдерімен екі жақты кездесулер өткізді.

Бизнес форум барысында итальяндық кәсіпкерлерге «Бәйтерек» холдингінің еншілес компаниялары - Қазақстанның Даму Банкі, «Даму» Қоры және Kazakhstan Project Preparation Fund жобалары таныстырылды.

Анықтама: ҚР мен Италия арасындағы екі жақты сауда айналымы 2017 жылы 9,615 миллиард АҚШ долларын құрады. 2017 жылдың қорытындысы бойынша Италия ҚР сауда серіктестері арасында екінші орында және Еуропа елдерінің арасында бірінші орында. Италия - Қазақстан экономикасындағы ірі инвесторлардың бірі. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің деректері бойынша 2005 жылдан бастап 2017 жылдың бірінші тоқсанына дейін Қазақстан Республикасының экономикасына тікелей итальяндық инвестициялардың көлемі 5,76 млрд. АҚШ долларын құрады.