Жаңа жыл – жаңа пәтерде!

04.01.2019

Арифханов

Сексен астаналық отбасы 2019 жылды Қазақстан Ипотекалық Компаниясынан («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) алған жаңа пәтерлерінде қарсы алды. Пәтер кілттерін табыс ету салтанатына Астана әкімі Бақыт Сұлтанов және «Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» ИҰ» АҚ Басқарма Төрағасы Әділ Мұхамеджанов қатысты. 

Баспана «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасының «Сатып алу құқығымен тұрғын үйлерді жалға беру» бағытын жүзеге асыру шеңберінде салынған. Жалға берілетін пәтерлерді жергілікті атқару органдарында кезекте тұрғандар алды – ол көпбалалы отбасылар, 1-2 топ мүгедектері және мүгедек балаларды асырап отырған отбасылар, ата-ана қамқорысыз қалғандар және халықтың осал топтарына жататын басқа да азаматтар. 

Қоныстанушыларға Лепсі көшесі, 44 үй мекенжайы бойынша орналасқан жалпы көлемі 4,3 мың шаршы метрді құрайтын 80 пәтер берілді. Олардың ішінде: 25- бір бөлмелі, 41 – екі бөлмелі, 14 – үш бөлмелі пәтерлер бар. Нысан Есіл өзенінің сол жағалауында орналасқан, тұрғын үйдің жанында мектеп, жекеменшік балабақшалар, қалалық емхана және балалар ауруханасы бар. 

Ай сайынғы жалдау құны 1 шаршы метр үшін 839 теңгені құрайды. Барлық пәтерлер кезекте тұрғандарға жөндеуден өткізіліп, әрленген күйінде беріледі. Олардың барлығы қоныстануға дайын, үйлер барлық қажетті коммуникацияларға жалғанған. Алғашқы жарна мен артық төлеу жоқ. 20 жыл өткен соң пәтерлер жалға алушылардың меншігіне өтеді. 

Жалдаушыларды «КИК» ИҰ» АҚ Басқарма Төрағасы Әділ Мұхамеджанов қоныс  тойымен құттықтап, қазақстандықтарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету бойынша Елбасы және Үкіметтің алға қойған міндеттерін жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті.  

– «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының ең маңызды міндеттерінің бірі бірінші кезекте халықтың осал топтары үшін тұрғын үй жағдайын жақсарту болып табылады. Бағдарламаның жүзеге асырылып жатқан төрт жыл аралығында қырауар жұмыс атқарылды. Бүгінгі таңда «Сатып алу құқығымен тұрғын үйлерді жалға беру» бағыты бойынш салынған пәтерлерде 18 мыңға жуық отбасы тұрып жатыр, - деп атап өтті Ә. Мұхамеджанов.  

Бахыт Султанов