Қазақстан мен Түркия МЖӘ жобаларын жүзеге асыру саласында ынтымақтасуға келісті

12.11.2019

турция

«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасы Айдар Әріпханов пен Стамбул мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығының (Istanbul PРРСoЕ) бас атқарушы директоры Эйюп Айдин құны 300 млн. АҚШ доллары болатын Ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Құжатқа ағымдағы жылғы 10 қарашада ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің ресми сапары аясында ұйымдастырылған Қазақстан-Түркия бизнес-форумы барысында қол қойылды.

 

- Бұл ретте әңгіме түрік компанияларын қызықтыратын Қазақстандағы МЖӘ жобаларын анықтау туралы болып отыр. Атап айтқанда, біз МЖӘ саласында өзара қызығушылық тудыратын жобаларды іске асыру, бірлескен техникалық-экономикалық негіздемелерді әзірлеу, инвестициялық мүмкіндіктерді зерделеу, сондай-ақ инвесторларды тарту туралы уағдаластық. Осы Келісімді жүзеге асырумен біздің еншілес ұйым  «Kazakhstan Project Preparation Fund» ЖШС айналысады», - деп түсіндірді Холдинг басшысы қол қою рәсімінен кейін.

 

Бұдан басқа, осы Келісім тұрғын үй құрылысы, мемлекеттік тұрғын үй және ипотекалық бағдарламаларды іске асыру және халық үшін қолайлы қалалық жағдайлар жасау туралы ақпарат алмасу мүмкіндігін көздейді.

 

Өз кезегінде Эйюп Айдин PPPCoE МЖӘ саласында тәжірибесі бар түрік компанияларымен тығыз жұмыс істейді және түрік жеке компанияларының, әсіресе Қазақстандағы МЖӘ саласындағы жұмысын жеңілдетіп, жеделдетуді жоспарлап отырғанын атап өтті. «Біз бұл Қазақстанға инвестициялауды жеңілдетеді деп күтеміз», - деді ол.

 

Сондай-ақ, Айдар Әріпханов ҚР Премьер-Министрі А. Маминнің түрік бизнесінің «капитандарымен» кездесуіне, сондай-ақ Қазақстан-Түркия үкіметаралық экономикалық комиссиясының 11-ші отырысына қатысты.

 

 

Анықтама:

 

«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 22 мамырдағы Жарлығына сәйкес құрылды. Корпоративтік басқарудың озық стандарттарына сәйкес келетін және Қазақстан экономикасын әртараптандыру, инновацияларды қолдау, экспортты дамыту, еңбек өнімділігін ұлғайту жолымен орнықты дамыту жөніндегі міндеттерді іске асыруды қамтамасыз ететін ҚР Үкіметінің негізгі институты. Холдингке: «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ, «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ, «Қазақстандық Ипотекалық Компания» ИҰ» АҚ, «KazakhExport» ЭСК» АҚ, «Даму» КДҚ» АҚ, «QazTech Ventures» АҚ, «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» АҚ, «Қазына Капитал Менеджмент» АҚ, «Бәйтерек девелопмент» АҚ, «Kazakhstan Project Preparation Fund «ЖШС кіреді.

 

Istanbul PPPCoE 2015 жылы құрылған және МЖӘ саласындағы консультациялық қызметтерді ұсынатын және МЖӘ кадрлық әлеуетін арттыру үшін тренингтер өткізетін қауымдастық болып табылады. Орталық МЖӘ саласындағы саясатты, заңдар мен нормативтік актілерді әзірлеуде техникалық және стратегиялық көмек көрсету үшін үкіметтермен, корпорациялармен, көпжақты ұйымдармен, қаржы мекемелерімен және трансұлттық корпорациялармен тығыз ынтымақтастық жасайды.