Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына жолдауын жариялады

08.10.2018

nan

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» туралы жолдауын жариялады.

Біз тәуелсіз жылдары көп жұмыс атқардық. Экономикасы қарқынды дамып келе жатқан заманауи прогрессивті мемлекет құрып, бейбітшілік пен қоғамдық келісімді қамтамасыз еттік. Сапалы әрі тарихи маңызы зор құрылымдық, конституциялық және саяси реформалар жүргіздік. Қазақстанның халықаралық беделінің артуына және оның аймақтағы геосаяси рөлінің күшеюіне қол жеткіздік. Біз өңірлік және жаһандық проблемаларды шешу ісіне зор жауапкершілікпен қарайтын жауапты әрі қалаулы халықаралық серіктес ретінде танылдық,-деді Елбасы.

Экономикалық блокта Президент белгілеген міндеттер қатарында –бизнесті өркендетудің тұрақты көздерін қалыптастыру, жеке инвестицияларды ынталандыру және нарық еркіндігін қамтамасыз ету. Дәл осы бизнес арқылы жаңа жұмыс орындары ашылып, қазақстандықтардың басым бөлігі табыспен қамтамасыз етіледі.

- Біз 2010 жылдың өзінде «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын іске қостық. Өңірлерге жұмыс сапарым барысында мұның тиімділігіне көз жеткіздім. Бағдарламаның қолданылу мерзімін 2025 жылға дейін ұзарту керек. Осы бағдарламаны жүзеге асыру үшін жыл сайын қосымша кемінде 30 миллиард теңге бөлуді қарастыру қажет. Бұл 3 жыл ішінде қосымша кемінде 22 мың жаңа жұмыс орнын ашуға, 224 миллиард теңге салық түсіруге және 3 триллион теңгенің өнімін өндіруге мүмкіндік береді,-деген міндет қойды Елбасы.

Жолдауда экспортқа бағытталған индустриаландыру мәселесіне ерекше көңіл бөлінген, бұл мәселе экономикалық саясаттың орталық элементі болуы тиіс. Үкімет өңдеу секторындағы экспорттаушыларға қолдау көрсетуге баса мән беруі қажет.

- Біздің сауда саясатымызда селқостық болмауға тиіс. Оған біздің тауарларымызды өңірлік және әлемдік нарықта ілгерілететін белсенді сипат дарыту керек. Сонымен бірге, халық тұтынатын тауарлардың ауқымды номенклатурасын игеріп, «қарапайым заттар экономикасын» дамыту үшін кәсіпорындарымызға көмектесу қажет. Бұл экспорттық әлеуетімізді жүзеге асыру тұрғысынан ғана емес, сондай-ақ ішкі нарықты отандық тауарлармен толтыру үшін де маңызды,-деді Президент Нұрсұлтан Назарбаев.

Үкіметке өңдеу өнеркәсібі мен шикізаттық емес экспортты қолдау мақсатымен алдағы үш жылда қосымша 500 миллиард теңге бөлу тапсырылды. Басымдығы бар жобаларға қолжетімді несие беру міндетін шешу үшін Ұлттық банкке кемінде 600 миллиард теңге көлемінде ұзақ мерзімге қаржы бөлуді тапсырылды.

Жолдауда инновациялық және сервистік секторларды дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Ең алдымен, «болашақтың экономикасының» баламалы энергетика, жаңа материалдар, биомедицина, үлкен деректер, заттар интернеті, жасанды интеллект, блокчейн және басқа да бағыттарын ілгерілетуді қамтамасыз ету қажет. Еліміздің жаһандық әлемдегі орны мен рөлі келешекте нақ осыларға байланысты болады.

Елбасы айтып өткендей, халыққа сапалы әлеуметтік қызмет көрсету ісі тұрғын үй жағдайын жақсарту, еліміздегі кез келген елді мекенде жайлы әрі қауіпсіз өмір сүру сипатындағы мол мүмкіндіктермен үйлесімді түрде толыға түсуге тиіс.

– Бүгінде біз тұрғын үй құрылысына зор серпін беріп отырған «Нұрлы жер» бағдарламасын табысты іске асырудамыз. Тұрғын үй ипотекасының қолжетімділігін арттыратын жаңа ауқымдағы «7-20-25» бағдарламасы қолға алынды. Әкімдерге жергілікті бюджет есебінен жеңілдетілген ипотека бойынша алғашқы жарнаны ішінара субсидиялау мәселесін пысықтауды тапсырамын. Мұндай тұрғын үй сертификаттарын беру біліктілігі жоғары педагогтер, медицина қызметкерлері, полицейлер және өңірге қажетті басқа да мамандар үшін ипотеканың қол жетімділігін арттырады,-деді Президент Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ, халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтары үшін ірі қалаларда жалдамалы тұрғын үй құрылысын ұлғайту тапсырылды. Бұл шаралар 250 мыңнан астам отбасы үшін тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Бюджет есебінен салынатын жаппай құрылыс алаңдарына арналған инженерлік инфрақұрылым жүргізуді қоса алғанда, мемлекет бес жыл ішінде 650 мың отбасыға немесе 2 миллионнан астам азаматтарымызға қолдау көрсетеді.

Соңғы жылдары біз «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша республикалық маңызы бар инфрақұрылым қалыптастырдық. Енді өңірлік және қалалық инфрақұрылымды жүйелі түрде дамытқан жөн. Осы мақсатқа орай биыл қаржыландыру көлемі арты: жергілікті маңызы бар жолдарға 150 миллиард теңгеге дейін, ауылдық  жерлерді сумен қамтуға 100 миллиард теңгеге дейін қаражат бөлінді,-деді Елбасы.

- Практикалық шараларды жүзеге асыру үшін нақты іс-шараларды, жобаларды және қаржыландыру көлемін көрсете отырып, Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі прагматикалық бағдарламасын әзірлеуді тапсырамын. Өңірлік дамудың аталған аспектілері іске асырылу мерзімдері 2025 жылға дейін ұзартылуға тиіс «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламаларында ескерілуі керек. Біріншісі көлік инфрақұрылымын дамытуға, екіншісі – коммуналды және тұрғын үй құрылысындағы міндеттерді шешуге бағытталуға тиіс. Бұл бағдарламалардың «екінші тынысын» ашу керек,- деп мәлімдеді мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, қазіргі «7-20-25», «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» және басқа да мемлекеттік бағдарламалардың басты мақсаты – халқымыздың тұрмыс сапасын жақсарту,-деді Елбасы.

Қазақстан халқына Жолдаудың толық мәтінін мұнда оқи аласыз.