Жилье в ЭКСПО: прием заявок временно приостановлен

16.01.2019

Жилье в ЭКСПО

«Бәйтерек» холдингінің еншілес компаниясы – «Байтерек девелопмент» АҚ тұрғын үйлерді өткізу реттілігінің қайта қаралуына байланысты Астанадағы ЭКСПО тұрғын үй орамында жылжымайтын мүлік сатып алуға өтінімдер қабылдауды уақытша тоқтатты.

2019 жылғы 16 қаңтарда сағат 13:00-ден бастап «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесі аумағында орналасқан тұрғын үй орамында пәтер сатып алуға өтінімдер қабылдау уақытша тоқтатылды. Жылжымайтын мүлікке сұранысты және халықтың төлем қабілеттілігін ескере отырып, біз тұрғын үйлерді өткізудің қосымша тетігін әзірлеп, онымен таяу уақытта таныстыруды жоспарлап отырмыз, – деп хабарлады «Бәйтерек девелопмент» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Асқарбек Өсербаев.

Бұл ретте ол үстіміздегі жылдың 16 қаңтарына дейін Digital Baiterek порталы арқылы түскен өтінімдердің бұрынғы шарттармен қаралатыны атап өтілді. 

Еске сала кетсек, ЭКСПО тұрғын үй кешенінде пәтер мен көлік тұрағының орнын қолма-қол ақшасыз өз қаражаттары есебінен, сондай-ақ екінші деңгейдегі банктер (ЕДБ) арқылы қарыз қаражаттары, оның ішінде «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы арқылы сатып алуға болады. 

Егер әлеуетті сатып алушы «төлем тәсілі» бағанында «өз қаражаты» деп көрсетсе, онда оны аудару үшін үш жұмыс күні беріледі. Жылжымайтын мүлік ЕДБ қарызы есебінен сатып алынған жағдайда, өтініш берушінің барлық қажетті құжаттарды рәсімдеуге 15 жұмыс күні, яғни 7 ақпан сағат 13.00-ге дейін уақыты бар», – деп түсіндірді Асқарбек Өсербаев.

Компания 2018 жылғы 1 маусымнан бастап «ЭКСПО-2017» көрмесінің қатысушылары мен қонақтарының тұруы үшін бұрын салынған бір, екі, үш және төрт бөлмелі пәтерлерді сатуға шығарды. Бүгінгі күні 147 пәтер және 102 машина орны сатылды. Жылжымайтын мүлікті сатып алуға Digital Baiterek онлайн платформасы арқылы барлығы 1547 өтінім келіп түсті.

Тұрғын үй кешеніндегі тұрғын үй-жайдың бір шаршы метрінің құны 399 900 теңгені, паркингтегі орынның бір шаршы метрі – 735 000 теңгені құрайды. Бір бөлмелі пәтерлердің алаңы 39,6-дан 51 ш.м. дейін, екі бөлмелі – 57,1-ден 80,6 ш.м. дейін, үш бөлмелі – 81,1-ден 106 ш.м. дейін, төрт бөлмелі – 105-тен 123,4 ш.м. дейін. Тұрғын үй жайлылықтың II жіктеліміне сай келеді және таза әрлеумен сатылады.