Развитие рынка ипотечного кредитования через инструменты холдинга «Байтерек»

15.01.2019

Есжан Биртанов

2019 жылдың қарсаңында «Бәйтерек» холдингі Қазақстан қор биржасына тұңғыш рет теңге облигацияларын шығарды. «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ның басқарушы директоры – басқарма мүшесі Есжан Біртанов газетімізге берген сұхбатында маңызды жобалардың қаржы көздерін диверсификациялау, ипотекалық нарықтың дамуын ынталандыру, «Астана» халықаралық қаржы орталығының құралдарын қолдану мен халықтың баспанаға қолжетімділігін арттыру туралы ойымен бөлісті.

 

Диверсификацияға бағыт алдық

 

Есжан Амантайұлы, сіздің банк пен кор­поративті саладағы басқаруда үлкен тә­жірибеңіз бар. «Бәйтерек» холдингінде қан­дай бағыттардың жұмысына жетекшілік ете­сіз?

– Холдингтегі қызметім 2018 жыл­­дың басынан басталды. Ол кезде ком­пания алдында бірқатар маңызды мін­дет­тер тұрған еді. Қазірдің өзінде араға бір жыл салып, олардың нәтижесі мен қоры­тын­дысы туралы айтуға болады. Холдинг пен оған қарасты ұйымдар Үкі­меттің негізгі қаржылық агенті рөлін ат­қара отырып, бірнеше бағыт бойынша мем­лекет саясатын жүзеге асырады. Оның қа­тарында үкіметтік және мемлекеттік да­мыту бағдарламаларының орындалуы, ірі, орта және шағын бизнесті қолдау, бас­пананың қаржылық қолжетімділігін арт­тыру, экспорт пен инновацияны ын­та­лан­дыру бар. Ең бастысы, холдинг отандық кә­сіпорындарға теңге валютасында орта және ұзақмерзімді, қолжетімді қаржы­лан­дыру, ал халыққа ипотекалық кредит беру бойынша ең төменгі мөлшерлемені ұсы­нады.

Бұл жұмысты сапалы атқару үшін хол­дингке еншілес даму институттарын ұтым­ды басқарып, қаржыны дұрыс бөлу керек. Басқаратын бөлімшелер дәл осы мін­деттермен айналысады.

Мәселен, Қа­зақ­стан инвестициялық қоры мен Қа­зақстан даму банкі арасында 2013-2015 жыл­дардағы инвестициялық жобалар бойынша валюталық қарыз пайда болған. Ұзақмерзімді валюталық қарыздың болуы валюталық резервтердің құрылуын талап етеді. Бұл нарық мөлшерлемелерін ескер­сек, сыйақы бойынша көлемді табыс әкел­мейді. Осыған байланысты былтыр холдингте жо­ғарыда аталған міндеттер қайта құрудан өткізілді. Бұл мақсатта «Қазақстанның ин­вестициялық қоры» АҚ капитализа­ция­дан өткізу жүргізіліп, 29,6 млрд теңге кө­леміндегі валюталық қарыз жабылды.

 

Қаржының нарықтық көздерін тарту бойын­ша холдинг қандай жұмыстарды қолға алып отыр?

– Бұл тапсырма Үкімет отырыс­та­рында бірнеше рет аталып, Мәжіліс қа­быр­ғасында талқыланған еді. – Белгілі жағдайларда аталған міндет әб­ден қолжетімді. Қазақстан Президен­тінің 2017 жылғы халыққа Жолдауында эко­номиканы орта және ұзақмерзімді ұлт­тық валютадағы қормен қамтамасыз ету, мемлекеттің ақша-кредиттік саясатын қал­пына келтіру міндеттері қойылды. 2018 жыл­ғы Жолдауда бизнесті эконо­микадағы шы­найы табыстылықты ескере отырып, ұзақмерзімді кредит беру туралы айтылды. Нарықтық мөлшерлемеге Ұлт­тық банктің базалық көрсеткіші әсер ете­тінін білеміз. 2017 жылы ол 12 пайыздан 2018 жылдың соңында 9,25 пайызға дейін төмендеді. Нарықтық мөлшерлеме әлі де қолжетімді емес. Экономиканың ақша-несиелік сая­сатын қалпына келтіру кезін­де нарықтық мөлшерлеменің төмендеуі сақталады және олардың қолжетімділігі орнайды. Холдинг алдындағы міндеттерді орындау үшін қар­жы әртүрлі көзден тар­тылады. Біз қаржы көз­дерін диверси­фи­кациялау арқылы 2023 жылға қарай бар­лық қарыздың 80 пайызын нарықтық көздерден алу мақсатын қойып отырмыз.

Мемлекет бөлетін қаржыны қол­дану­дың тиімділігін арттыру үшін холдинг ен­шілес компанияларымен бірге нарықтан қар­жы тартады. 2018 жылы «Бәйтерек» хол­дингінің 77,7 млрд теңгеге бағаланған об­лигациялары KASE қор биржасына шы­ғарылды. Тартылған қаржы ипотекалық на­рықтың өсімін ынталандыру мен әске­рилерді баспанамен қамтамасыз етуге жұм­салады.

 

Баспана қолжетімді болады

 

 Әскерилерге арнаған жаңа баспана алу мүмкіндігі холдингтің әлеуметтік сала­дағы сәтті бастамаларының біріне айналғаны рас. Жобаның алғашқы нәтижелері қандай? Бұл механизм қалай жұмыс істейді?

– 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап Тұр­ғын үй құрылыс жинақ банкінде есеп аш­қан әскерилерге несиелендірудің жеңіл­детілген шарттары құрылды. Қазір кез келген әскери азамат арнаулы есепшот ашып, өзінің баспаналық төлемін ипо­текалық займ алуға пайдалана алады. Бұл өз кезегінде олардың тұрғын үйге қатысты мәселесін шешеді.

Өтінімдер өткен жылдың 2 шілдесінен бастап қабылданып жатыр. 2018 жылдың қо­рытындысы бойынша askeri.baspana.kz интернет ресурсы арқылы 79,7 мың ар­наулы шот ашылған. Онда жиналған қар­жының жалпы көлемі – 85 млрд теңге. Тұр­ғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы жеңіл­детілген ипотека алуға жалпы құны 34,2 млрд теңге болатын 2 250 өтініш келіп түскен.

Әскерилерге несие беру жобасы ая­сында бірқатар бағдарламалар қамтылған. Біріншіден, жаңа үйді 5 пайыз жарна, 7 пайыз сыйа­қы және 25 жыл мерзіміне несиеге ұсыну. Екін­шіден, екінші реттік нарықтағы үй­лерді 20 пайыз бастапқы жарна, 8 пайыз сыйақы жә­не 25 жыл не­сиелендірумен беру. Үшін­шіден, ар­наулы мемлекеттік орган қызметкерлерінің займ­дарын 0 пайыз бастапқы жарна, 8 па­йыз сыйақы және 25 жылдық не­сие­лендіру уақытымен қайта қаржылан­дыру қарас­тырылған. Жалпы, бұл өнімді жү­зеге асыру үшін холдинг Тұрғын үй құ­ры­лыс жинақ банкіне 57,7 млрд теңге аударды.

Алдыңғы тұрғын үй қарыздарын жабу әс­керилерге Тұрғын үй құрылыс жинақ бан­кі тарапынан тарифтік бағдарлама шарт­тарына сай берілетін жинақ ақшалары есебінен жүзеге асады. Жиырма бес жыл кө­ле­мінде мемлекеттік бюджет 824 млрд теңге үнемдейді деп күтіліп отыр. Ең маңыз­дысы, 67 мың әскери азамат бас­па­налы болады.

Ипотекалық нарықтың ары қарайғы да­муын қалай көресіз? Холдинг ипотекалық на­рықты ынталандыру үшін қандай қаржы­лық құралдарды қолданады?

– Мемлекет басшысының Бес әлеу­мет­тік бастамасында белгіленген «Әр от­ба­сыға баспаналы болуға жаңа мүмкін­дік­тер» атты бастамасы елдің ипотекалық на­рығын жандандыратын күшті драйвер болады.

Қазақстандық ипотека нарығын ипотекалық несиелердің секьюритизация­сы механизмдерін енгізу арқылы дамыту екінші деңгейлі банктердің портфеліндегі көлемді қаржыны босатуға мүмкіндік бе­ре­ді. Бұл бағытта «Қазақстан ипотекалық ком­паниясына» үлкен үміт артуға болады.

Мысалы, АҚШ-та 1950-1990 жылдары ипо­текалық нарық капиталдың әлемдік на­­­рығына айналды. Оның көлемі 73,1 мил­­лиард доллардан (1950) 85 трлн дол­лар­ға (1990) дейін өсті. Қаржы саласындағы мемлекеттік делдалдық барлық қатысушы субъектілерге ипотекалық құнды қағаздар шы­ғару түріндегі тартымды баламаны ұсын­ды. Бұл тұрғын үй құрылысын қар­жыландырудың арзандауына және ипо­текалық нарықтың өсіміне алып келді.

Ипотекалық несиелер негізіндегі қар­жылық құралдар шығарудың қазіргі за­манғы механизмі АҚШ-та пайда болды. Бұл механизмнің формасы 70-80 жылдары, Үкіметтік ұлттық ипотекалық қауымдастық пен Федералды тұрғын үй ипотекалық кор­порациясы құрылғаннан кейін айқын­дала бастады. Халықты баспанамен қам­та­масыз ету үшін АҚШ үкіметі ипотекалық несиенің екінші нарығын құруды қолға ал­ды. Ипотекалық несиелердің екінші на­рығындағы қарқынды даму дәл осы кез­ге сәйкес келеді.

Елімізге келсек, холдингтің Қазақстан ипо­текалық компаниясына бағытталған 20 млрд теңгесі халықтың көп бөлігіне бас­па­на­лы болып, тұрғын үй жағдайларын жақ­сартуға мүмкіндік беретін құрал ар­қылы ипо­текалық нарықты ынталандыруға жұм­салады. Бұл несиелік құрал қолда­ныс­тағы мемлекеттік бағдарламалар мен екін­ші дең­гейлі банктер ұсынатын өнімдерден тыс аза­маттардың қажеттіліктерін өтеуге бағыт­талған. Мақсатты аудитория – «7 – 20 – 25» бағ­дарламасы талаптарына кір­мей­тін қа­рыз алушылар.

Бүгінде жергілікті атқарушы орган­дарда жеңілдетілген баспанаға кезекте 500 мың азамат тұр. Жаңа өнім бойынша пайыз­дық мөлшерлеме нарықтағы банк сыйақысының орташа мөлшерлемесінен төмен.

Осылай аталған өнім ипотекалық нарықтың көлемін кеңейтіп, оның өсімін қамтамасыз етеді. Бір займның бағасы ша­­мамен 20 млн теңге көлемінде деп есеп­тегенде, 1 000 ипотекалық қарыз беру жо­с­­парланып отыр. Бағдарламаның жылдам іске қосылуы, қолайлы пайыздық мөл­шер­леме, кең көлемді қамту ипотекалық нарыққа серпін береді, ал портфельдердің ары қарайғы секьюритизациясы және тар­тылған қаржының қайта қаржы­лан­ды­рылуы мультипликативті әсер береді.

Осы­лай қаржылық құралдардың ипо­текалық кредит негізінде енгізілуі және кең қолданылуы нарықтың дамуына үлес қосады. Нәтижесінде, құрылыс ком­па­ния­ларын қаржыландыру арзандайды. Сәйке­сін­ше, халық үшін баспана бағасы төмен­дей­ді.

 

Қаржы орталығы тиімділігін дәлелдеді

 

Холдинг қаржы тарту және оны үлес­тіру үшін қандай қаржы алаңдарын қол­да­нады?

– Мысалы, холдинг тартқан ақшаны ен­шілес компаниялар арасында үлестіру үшін Астана халықаралық қаржы орта­лы­ғының биржа алаңы қолданылды. Астана ха­лықаралық қаржы орта­лы­ғының құ­рал­да­рын қолдану арқылы тәжірибе жү­зінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назар­баевтың көреген саяса­тына куә бол­дық. Қаржы орталығының инф­ра­құры­лымы шын мәнінде қаржылық қызметтердің қолжетімділігі мен тиім­ді­лігін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ қар­жы алаңының дамуы мен таны­малдығының артуы үшін кең көлемді жұмыстарды ат­қа­рып жүрген қаржы орталығы қыз­мет­кер­лерінің еңбегін де атап өту керек.

Жер­гілікті құралдардан бөлек, холдинг ха­лықаралық алаңдарды да өте белсенді пайдаланады. Оған еврооблигациялар нарығында қаржы тартуды жалғастыру бойынша жұмыстар мысал бола алады. 2018 жылдың екінші тоқсанында отандық өңдеу өнеркәсібін қолдау мақсатында холдингтің еншілес ұйымы «Қазақстан даму банкі» АҚ ұлттық валютаға балаған­дағы құны 100 миллиард теңге болатын еврооблигация түріндегі қарыз алды.

Бұл тұста капиталдың сыртқы нары­ғын­дағы белсенді жұмысқа қарамастан, хол­дингтің сыртқы қарыздары қадағалау мен тұрақты бақылауда екенін айтқым келеді. Холдингтің алдағы жылы тартатын сыртқы қарыздарының шектік көлемі Үкімет деңгейінде белгіленеді. Ал сыртқы қаржының бес жылдық жоспары Ұлттық экономика министрлігі талдауынан өтеді.

Одан бөлек, 2018 жылы холдинг бюд­жеттік несиелендіру құралдарын пай­да­лануды және жарғылық капиталды толық­тыруды жалғастырды. Мақсат – «Бизнестің жол картасы», «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» сияқты мемлекеттік бағдарламаларды жү­зеге асыру. «Бәйтерек» Президенттің бес әлеуметтік бастамасын орындауға белсенді қатысып жатыр. Оның бірі – Қазақстанның бірнеше өңірін қамтитын «Сарыарқа» газ құбыры. Холдинг аталған жобаның жүзеге асуына қатысады. Халықаралық қаржы институттарынан қаржы тартуды қоса алғанда, газ құбыры жобасын қаржы­лан­дыру мен кепілдендірудің әртүрлі құралын қолданып жатырмыз. Жоба Астана қаласы мен Қа­рағанды облысының 2,7 млн тұр­ғын­­ын газбен қамтамасыз етуге мүм­кін­дік бе­ре­ді.

Сондай-ақ холдинг корпоративті эми­тенттер арасында жоғары кредит рей­тин­гіне ие екенін атап өткен жөн. Бұл тәуекел сыйақысын азайтып, бәсекелес пайыздық көрсеткіш қояр кездегі құнды қағаздардың тартымдығын арттырады.

Жалпы, Астана қаржы орталығы – әртүрлі көздерден қор жинаудың әмбебап алаңы. Оның ары қарайғы дамуы ин­но­ва­ция­лардың қолданысқа енуі мен эко­но­миканың шикізаттық емес секторының дамуына жол ашады. Ал аталған мақсаттар холдингтің Қазақстанның тұрақты дамуы­на көмектесу миссиясындағы белгілеген міндеттеріне сәйкес келеді.


Ақпарат көзі «Айқын» газеті