«Бәсекеге қабілеттілік көшбасшылары - ұлттық чемпиондар 2.0» бағдарламасының өтінім беру кампанияларының нәтижелері қаралды

12.04.2019

1

2019 жылғы 12 сәуірде Нұр-Сұлтан қаласында «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқару комитетінің «Бәсекеге қабілеттілік көшбасшылары - ұлттық чемпиондар 2.0» бағдарламасының берілген кампанияларының нәтижелерін қарау бойынша отырысы болып өтті. Іс-шараға ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Президиумының төрағасы Тимур Құлыбаев, Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр, «Бәйтерек» холдингі басқармасының төрағасы Айдар Әріпханов, Қазақстан Қаржыгерлер қауымдастығы кеңесінің төрайымы Елена Бахмутова, «Ракурс» экономикалық талдау орталығының» ҚҚ директоры Ораз Жандосов және басқалар қатысты.

Кездесу барысында айтылғандай, Бағдарламаның мақсаты қазақстандық компанияларды қолдаудың қаржылай және қаржылық емес шараларын ұсыну жолымен бәсекеге қабілетті, экспортқа бағытталған және технологиялық өңдеуші өнеркәсіптерді құруға жәрдемдесу болып табылады. 2018 жылғы қазаннан бастап желтоқсанға дейін өтінім беру кампаниясы өткізілді, оның барысында Холдинг 1000-нан астам өнеркәсіптік өндіріс кәсіпорындарымен іріктеу жұмыстарын жүргізді. Холдингке жалпы алғанда 94 компаниядан жобалармен 113 өтінім келіп түсті, олар үш кезеңде қаралды. Негізгі таңдау критерийлері нарық әлеуеті, қаржылық тұрақтылық, компанияның бизнес моделінің тұрақтылығы, инвестициялық жобаның бейімделуі болды.

Кешенді диагностиканың нәтижесінде Холдинг машина жасау, фармацевтика, азық-түлік және жеңіл өнеркәсіп, құрылыс материалдарын өндіру саласында 10 үміткер компанияны таңдады. Кәсіпорындарды жоспарлы қаржыландырудың жалпы көлемі 34,4 млрд. теңгені құрайды. Басқарушы комитет мүшелеріне таңдалған компаниялардың өндіріс және экспортты дамытудың нақты жоспары ұсынылды.

2020-2023 жылдары «Ұлттық бәсекеге қабілеттілік - ұлттық чемпиондар 2.0» бағдарламасының іске асырылуынан болатын қосымша табыстан көзделіп отырған көлем 147 млрд. теңге деңгейінде, оның ішінде шамамен 70 млрд. теңгені өнім экспорты есебінен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Осылайша, салынған инвестицияның әрбір 1 теңгесі 3,58 теңге табыс, ал экспорттық табыс - тиісінше 1,69 теңге әкеледі.

Сонымен қатар, өтінім беру кампаниясы айтарлықтай инвестиция сомасын талап ететін немесе даму көзқарасынан қызығушылық тудыратын бірқатар перспективалық жобаларды анықтады. Осы компанияларға қолдау көрсету мәселесі Бағдарламаның шеңберінен тыс қаралатын болады. Бұдан басқа, таңдаудан өтпеген 25 компаниямен Холдинг одан әрі іске асыру мүмкіндігі үшін өз жобаларын құрылымдау бойынша консультациялық жұмысты жалғастырады.

«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарушы комитеті отырысының қорытындысы бойынша «Бәсекеге қабілеттілік көшбасшылары - Ұлттық чемпиондар 2.0» бағдарламасын іске асыру бойынша жұмысты жалғастыру туралы шешім қабылданды.

2