«Бәйтерек» холдингі «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылыс бағдарламасына сәйкес барлық жоспарланған индикаторларға қол жеткізді. Бұл туралы ОКҚ брифингінде «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарушы директоры – басқарма мүшесі Қайырбек Өскенбаев мәлімдеді.

Өскенбаевтың айтуынша Холдинг бағдарламаның негізгі операторы болып табылады және негізгі бес бағыттың төртеуін жүзеге асырады. Олар:

1) жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы кредиттік тұрғын үй салуы;

2) бұған дейін қабылданған бағдарламалар бойынша (Нұрлы жол, ӨДБ-2020) құрылыстың аяқталуы;

3) халыққа арналған ипотеканың қолжетімділігін арттыру;

4) жеке құрылыс салушыларды құрылысқа ынталандыру;

Холдингтің бес еншілес ұйымы – «Даму» КДҚ» АҚ, «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ, «Қазақстан Ипотекалық компаниясы» ИҰ» АҚ, «Бәйтерек девелопмент» АҚ және «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» АҚ «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыруға қатысады.


«Бәйтерек» холдингі 2017 жылдан бастап кредиттік тұрғын үй құрылысы бағыты бойынша тек жергілікті атқарушы органдардың облигацияларын сатып алу арқылы ғана тұрғын үй құрылысын қаржыландыруда. 2017 жылға жоспарланған 71,9 млрд. теңгеге қаржыландыру жоспары 100%-ға орындалды. Барлық қаражат, сондай-ақ жобаларды іріктеу, құрылыс салушыларды анықтау, игеру және құрылыс барысына мониторинг жүргізу бойынша функциялар жергілікті атқарушы органдарға берілді.

Тұрғын үй құрылыс жинағы желісі бойынша Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жүйесінде 492 млрд. теңге жинақ сомасындағы 1 023 мың шарт бар, олардың ішінде 32 мың шартта салынған кредиттік тұрғын үй сатып алу үшін қажетті жинақтың 30%-ы бар. 2017 жылға қарыз беру 181 млрд. теңге көлемінде жоспарланып, жалпы сомасы 256 млрд. теңгені құрайтын 37 мың қарыз берілген. Бұл жоспардың 141 пайызы. Осылайша, 2017 жылы берілген ипотекалық теңгенің төрттен үшін Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі ұсынған (берілген ипотеканың 75%-ы).

Құрылыстың аяқталу бағыты бойынша - бұған дейін қабылданған бағдарламалар шеңберінде жоспарланған 554,3 мың шаршы метрдің орнына пайдалануға 560,1 мың шаршы метр (9 637 пәтер) тапсырылды. Үй құрылысы жоспары артығымен орындалды.

Халыққа ипотеканың қолжетімділігін арттыру бағыты бойынша, 2017 жылғы мамырдан бастап жаңа баспана сатып алу үшін халыққа екінші деңгейдегі банктер беретін ипотекалық қарыздарды субсидиялау тетігі іске қосылды. Қаржы операторы болып Қазақстан ипотекалық компаниясы бекітілген. Ол ипотеканың 16 пайызынан жылдық 6%-ға дейінгі көлемін субсидиялайды. Нәтижесінде тұтынушы үшін сыйақының түпкілікті мөлшерлемесі жылдық 10% пайыздан аспайды.

Ағымдағы жылы 15 млрд. теңге жалпы сомасына 1 мың ипотекалық қарызды субсидиялау жоспарлануда. 2017 – 2018 жылдары 120 млрд. теңге сомасына 8 мың ипотекалық қарыз, олардың ішінде 2017 жылы 15 млрд. теңге сомасына 1 мың қарыз, 2018 жылы 105 млрд. теңге сомасына 7 мың қарызды субсидияланбақ.

Жеке құрылыс салушыларды құрылысқа ынталандыру бағыты шеңберінде екінші деңгейдегі банктерге құрылыс компанияларынан 64,4 млрд. теңге жалпы сомасына 42 тапсырыс келіп түсті. Кредиттерді субсидиялаудың жылдық жоспары 15 млрд. теңге бола тұрып, Өңірлік үйлестіру кеңестері 28,6 млрд. теңге сомасына 20 жобаны мақұлдады, олардың ішінде Даму қоры жалпы сомасы 26,6 млрд. теңге болатын 14 жоба бойынша субсидиялау шартына қол қойған. Осылайша, 2017 жылға жеке құрылыс салушылар кредиттерін субсидиялау бойынша жоспар толық көлемде орындалды.