Алғаш рет Түркия, Қытай, Оңтүстік Корея, Германия және Ресейден 70-ке жуық өкіл қатысқан «Taldykorgan Invest – 2017» халықаралық форумы болып өтті. Форумды Талдықорған қаласының әкімдігі және облыстық Кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырды. Халықаралық форумның мақсаты – қаланың инвестициялық мүмкіндіктерін және жаңа экономикалық жағдайларда одан әрі даму перспективаларын таныстыру.

Форум басталар алдында халықаралық және республикалық қаржы ұйымдарының, «Қазақстанның даму банкі» АҚ, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ және «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ні («Бәйтерек» холдингісінің еншілес ұйымдары) қоса алғанда, даму институттарының қаржылық өнімдерінің көрмесі өткізілді.

Форум шеңберінде облыс әкімінің орынбасары ЖеңісТұяқов, Талдықорған әкімі Бағдат Карасаев, «Alacard Petroltech» ЖШС президенті, Алматы қ. Өңірлік кеңес өкілі Ерлан Стамбеков, «Қазақстандық қор биржасы» АҚ Басқармасының мүшесі Қайрат Тұрмағамбетов және т.б. сөз сөйледі.

Форум екі сессияда өтті: «Талдықорғанның нақты секторына инвестиция тарту» және «Қаланың болашақта даму жоспары».

Форум алаңында  Холдинг пен еншілес ұйымдардың өкілдері бірнеше инвестициялық жобалардың бастамашыларымен келіссөздер өткізіп, онда уағдаластыққа қол жеткізіліп, одан әрі ынтымақтастық үшін қажетті қадамдар келісілді.

Талдықорғанда 26 мыңнан аса адам жұмыс істейтін шағын және орта бизнестің 10 мыңға жуық объектісі жұмыс істейді. 9 ай ішінде тауар, жұмыс және қызмет өндіру көлемі 41,2 млрд. теңгені құраған. Жыл басынан қалада 323 жұмыс орны ашылған 15 жаңа объект іске қосылды.