Бүгін Алматыда азаматтарға тұрғын үйді оның нарықтық құнынан 15-20%-ға төмен бағамен сатып алуға мүмкіндік беретін үлестік құрылыс жобасы талқылануда. Диалог алаңына «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымдары «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ мен «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» АҚ және 40 құрылыс компаниясының басшылығы жиналды.

- Бүгінгі күні 140 мыңнан астам Алматы тұрғыны Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің көмегімен баспаналы болу үшін қаражат жинап жатыр. Олардың жинақ сомасының жалпы көлемі 75,6 млрд теңгені құрайды. Жиналған ақша қазірдің өзінде тұрғын үй заемын ресімдеуге және 15 000-нан астам пәтер сатып алуға мүмкіндік береді. Алайда біздің салымшылар үшін тұрғын үйдің тек жайлы және сапалы ғана емес, қолжетімді болғаны да керек. Үлестік жобаны іске қосу бұл іске оң ықпал ететін болады, - деді кездесуде ТҮҚЖБ Алматы қалалық филиалының директоры Рахила Балтабаева.

Халық үлестік жобаларға қатысқанға дейін құрылыс компанияларына Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қорынан кепілдік немесе әкімдіктен рұқсат алу қажет болады. Құрылыстың аяқталуына берілетін кепілдік үй сатып аламын деп отырған жандардың тәуекелін барынша азайтады. Құрылыс жүргізуші компанияның банкрот болуы, қаржының көзделген мақсатта жұмсалмауы, пайдалануға беру мерзімінің бұзылуы секілді кепілдік жағдайы туындаса, Кепілдік беру қоры нысанды салып бітіреді. Қазіргі уақытта салынып жатқан екі нысан, атап айтқанда Астанадағы «Миллениум парк» ТҮК-інің секциясы және Алматыдағы «Легенда» ТҮК-інің алғашқы кезегі Қор кепілдігіне ие болды. Жақын арада мұндай кешендердің қатары өспек.

- Бүгінгі күні «Кепілдікті жарна мөлшерлемесін анықтау әдістемесіне» енгізілген өзгерістердің мемлекеттік тіркеуден өту рәсімі аяқталды. Бұл өзгерістер бағалаудың скорингтік моделі бойынша 60 және одан жоғары ұпай жинаған жағдайда барлық құрылыс жүргізушілері үшін кепілдікті жарна мөлшерлемесін 2% деңгейінде бекітуді қарастырады. Бұл қаржылық және үш сапалық көрсеткіш бойынша 60 және одан жоғары ұпай жинаған құрылыс жүргізуші кепілдікті жарнаны осыған дейін қолданыста болған 2-6% аралығында емес, жоба құнының 2%-на тең көлемде төлейтінін білдіреді, - деп атап өтті «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» АҚ кепілдік беру департаментінің директоры Жаңыл Саяқова.

Осы уақытқа дейін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі Астанада үлестік құрылыс бойынша бір жобаны жүзеге асырған болатын. 1 шаршы метрінің бағасы 290 000 теңге болған, 100 пәтерден тұратын нысаннан 800 салымшы үміткер атанған еді. Үлестік жобаға ТҮҚКБҚ кепілдігімен қатысу несиені болашақ пәтерді кепілге қою арқылы несие алу құқығын береді. Яғни Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшысына қосымша кепіл іздеп, ұсынып жатудың қажеті жоқ. Ол үй құрылысы жүріп жатқанда-ақ заем алып, несиесін жабуды бастап кете алады.  

***

"Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ — еліміздегі тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін жүзеге асыратын бірден-бір банк. Ұйым Еуропалық құрылыс жинақ кассалары федерациясына (ЕҚЖКФ) және Халықаралық тұрғын үйді қаржыландыру одағына кіреді. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің жалғыз акционері – «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ.