Бүгін ҚР Үкіметі отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясы аясында «Бәйтерек» ҰБХ басқарма төрағасының орынбасары Айдар Әріпханов «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында шағын және орта бизнеске арналған бірыңғай цифрлық платформа құрылатынын хабарлады.

Бүгін ҚР Үкіметінде тиісті меморандумға ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов, «Бәйтерек» ҰБХ басқарма төрағасының орынбасары Айдар Әріпханов қол қойды.

Меморандум мәтінінде тараптар «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында «бір терезе» қағидасы бойынша шағын және орта кәсіпкерлікке көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын біріктіретін бірыңғай платформа құру бойынша бірлескен жұмыстар атқаратыны туралы жазылған.

А. Әріпхановтың айтуынша, бүгінде аталған жұмыстың бірінші кезеңі іске асырылып жатыр. Қазан айының соңына дейін бизнес саласында 29-ға жуық қызметті толығымен автоматтандыру көзделіп отыр. Олардың 21 қызметі автоматтандыру бойынша, қалған бөлігі — ақпараттық қызметтер түрінде болады. Қазан айының ортасынан бастап Қазақстан кәсіпкерлері онлайн-режимде несиелерді судсидиялауға және несиелік кепілдіктер алуға өтінім бере алады. Бұдан өзге, жобалық ұсыныс беріп, тұрғын үй құрылысы жобаларын (қаржыландыру тұрғысынан), сондай-ақ, инновациялық гранттар алу мәселелерін қарауға болады.

Екінші кезеңде «бір терезе» қағидасы бойынша ШОБ-ке арналған бірыңғай цифрлық платформаға кейіннен бірігу арқылы, мемлекеттік қолдау жұмыстарын одан әрі оңтайландыру және автоматтандыру шаралары жүргізіледі. Бұл жұмыс 2018 жылғы қаңтарда аяқталуы тиіс.

Көзі: www.primeminister.kz