Бүгін Үкімет отырысында 2017 жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылыс бағдарламасын іске асырудың аралық қортындылары қаралды.

«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқарма төрағасы Ерболат Досаев хабарлағандай, Холдинг есептік кезеңде бағдарламаның барлық жоспарланған көрсеткіштеріне қол жеткізген. «Бәйтерек» холдингі «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылыс бағдарламасының бес негізгі бағыттарының төртеуін іске асыруға қатысуда» - деді Басқарма төрағасы.

Үстіміздегі жылы тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы іске асырылатын кредиттік тұрғын үй құрылысының бағыттары бойынша Холдинг қаржыландыру модельдерін өзгерткен. Негізгі назар тұрғын үй құрылысын тікелей қаржыландырудан тек жергілікті атқарушы органдардың облигацияларын сатып алу, сондай-ақ екінші деңгейдегі банктерге қаражатты шартты орналастыру арқылы ғана қаржыландыруға ауысты. Нәтижесінде 28,7 млрд. теңге сомаға әкімдіктердің бағалы қағаздары сатып алынған.

«Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы шеңберінде «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ бірінші жарты жылдықта 117,1 млрд. теңге сомасына 18 мың несие берген, бұл жоспардың 129%-ын құрайды. Олардың ішінде 35,4 млрд. теңге сомасындағы 3,9 мың несие Астана қаласында, 21,5 млрд. теңге сомасындағы 2,8 мың заем Алматы қаласында берілген.

Бұған дейін қабылданған бағдарламалар шеңберінде тұрғын үй құрылысын іске асыру бағыттары бойынша «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы «Бәйтерек девелопмент» АҚ жалдауға және кредитке берілетін 240,2 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға тапсырды, бұл 3959 пәтерді құрады. Тұрғын үйді тапсыру көлемі 2,5 есеге асыра орындалған, бұл жеке құрылыс салушылар тарапынан құрылыс салу қарқынының жоғары болуына байланысты болып отыр.

Жалға берілетін тұрғын үй құрылысының бағыты шеңберінде «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы «Қазақстан ипотекалық компаниясы» ИҰ» АҚ белгіленген жоспарға сәйкес бірінші жарты жылдықта 66,1 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға тапсырды, бұл 1 194 пәтерді құрады.

«Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 31 желтоқсандағы қаулысымен бекітілген. Ол тұрғын үй құрылысын қолдаудың жаңа және бұған дейін қабылданған «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық дамудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, 2020 жылға дейін өңірлерді дамыту бағдарламасы сияқты мемлекеттік және салалық бағдарламалар бойынша әрекет еткен тетіктерін біріктірді.