«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқармасының төрағасы Ерболат Досаев Жібек жолы қорының Президенті Ван Янцзы бастап келген қытайлық делегациямен кездесу өткізді.

Тараптар екіжақты инвестициялық ынтымақтастық мәселелерінің ауқымды спекторын талқылады.

Атап айтқанда, қытайлық тарап ауыл тұрғындарын интернет желісіне сапалы қолжетімдікті қамтамасыз ету бойынша жобаны бірлесе іске асыруға қызығушылық танытты. «Біз «Бәйтерек» холдингісімен Қазақстанның ауылды елдімекендеріне байланыс орнатудың талшық-оптикалық желісін жүргізу бойынша ынтымақтастыққа сенім артудамыз», - деді Жібек жолы қорының Президенті Ван Янцзы.

Өз кезегінде, «Бәйтерек» холдингісі компаниялары тобының басшысы Ерболат Досаев Холдингтің бұл үшін қажетті барлық қаржылық және техникалық қолдау құралдары бар екендігін жеткізді. Өңірлік ықпалдасу әсері бар жобаларға бірлесе қатысу маңызды бағыт екендігіне тоқтала отырып, «Біз Жібек жолы қорымен ынтымақтастықты белсенді дамытуға және әртараптандыруға дайынбыз», - деді Ерболат Досаев.

Ерболат Досаев, бірлескен жобаларды іске асыру кезінде Холдинг өзінің еншілес ұйымдары арқылы «бір терезе» қағидасы бойынша кешенді қолдау көрсетуге дайын деп түсіндірді. Бұл арада сөз жобалық құжаттамаларды дайындаудан және жобаларды құрылымдаудан бастап борыштық, үлестік және экспорттық қаржыландыру ұсынуға дейінгі қызметтердің кең ауқымын ұсыну туралы болып отыр.

Қазіргі сәтте «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Қытайдың жетекші қаржылық ұйымдарымен және банктерімен белсенді ынтымақтастықта. Атап айтсақ, Қытай Мемлекеттік Даму банкімен, Қытай Экспорттық-Импорттық банкімен, «Sinosure» агенттігімен, CITIC және т.б. әріптес.

Жібек жолы қоры – «Жаңа жібек жолы» қытайлық бастамасын іске асыру шеңберінде инфрақұрылымдық жобаларға ірі салымдармен айналысатын қытайлық инвестициялық қор».