«Бәйтерек» холдингі өз қызметінің ашықтығын арттырып, компаниялары тобында корпоративтік басқарудың бірыңғай тәсілдерін енгізуде. Бұл туралы «Корпоративтік басқару: Қазақстанның инвестициялық тартымдылығына жаңа көзқарас» атты форум барысында компанияның басқарушы директоры, басқарма мүшесі Ерсайын Хамитов хабарлады.
«Біз заңнама талаптары мен ұсынылатын озық тәжірибені ескере отырып, акционер ретінде холдинг пен еншілес ұйымдардың директорлар кеңестері, басқармалары арасындағы құзыреттердің, өкілеттіктердің, жауапкершілік пен есеп берудің нақты бөлінуін қамтамасыз еттік», - деп мәлімдеді Е. Хамитов.
Оның айтуы бойынша, холдингтің еншілес ұйымдарында кәсіби директорлар кеңестері қалыптастырылды. Корпоративтік басқару кодексі, сондай-ақ директорлар кеңесі, корпоративтік хатшылар жұмысының бірыңғай стандарттарын айқындайтын басқа да құжаттар қабылданды. Еншілес ұйымдардың директорлар кеңестері жанынан аудит, кадрлар мен сыйақы жөніндегі комитеттер құрылды. Бұдан басқа, Іскерлік этика кодексі қабылданды, корпоративтік қақтығыстар мен мүдделер қақтығысын уақтылы реттеу үшін омбудсмен тетігі енгізілді.
«Холдингтің жұмыс істеу кезеңі ішінде барлық еншілес ұйымдарда директорлар кеңестерінің мүшелеріне, сондай-ақ атқарушы органдардың басшылық құрамына сыйақы берудің бәсекеге қабілетті, объективті және ашық жүйесі құрылды. Стратегиялық мақсаттарға сүйене отырып, әрбір еншілес ұйым үшін қызметтің түйінді стратегиялық көрсеткіштері айқындалды, еншілес ұйымдардың жетістіктеріне басшылық құрамының үлес қосуына негізделген оларды уәждемелеу жүйесі енгізілді», - деді Е. Хамитов.
Е. Хамитов 2015 жылы холдингтің коммпаниялары тобында тәуекелдерді басқарудың орталықтандырылған жүйесі енгізіліп, компаниялар тобында түйінді тәукелдерді, соның ішінде кредиттік, нарықтық, операциялық және т.б. тәуекелдерді бағалау, мониторингілеу мен агрегациялаудың тәсілдері әзірленгенін атап өтті. Корпоративтік басқару, тәуекелдерді басқару, ішкі бақылау жүйелерін қоса алғанда, бизнес-процестерді бағалау бойынша бірыңғай әдістемелер қабылданды.
«2015 жылы холдингтің еншілес ұйымдарында халықаралық тәсілдерге негізделген корпоративтік басқару жүйесіне бағалау жүргізілді. Бағалау еншілес ұйымдардың арасында Қазақстанның Даму Банкі, Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорында корпоративтік басқарудың ең жоғарғы деңгейін көрсетті. Диагностика нәтижелері бойынша еншілес ұйымдарда аудит ұсынымдарына негізделген корпоративтік басқаруды жетілдіру бойынша жоспарлар қабылданды», - деп атап өтті Е.Хамитов.
Оның ақпараты бойынша, барлық еншілес ұйымдарда стратегиялық және орта мерзімді жоспарлауға орталықтандырылған тәсілдері енгізілді. Кадр саясаты бекітілді, бос орындарға үміткерлерді іріктеу процесін автоматтандырумен үміткерлерді конкурстық іріктеуі енгізілуде, кадрлық резерв бағдарламасы іске асырылуда.