Қызылорда қаласында «Арай» шағын ауданында мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде «Бәйтерек» холдингінің қолдауымен 6 млрд. теңгеден астам сомаға жалпы алаңы 40 338 мың шаршы метр 12 тұрғын үй салынады. «Бәйтерек» холдингінің Басқарма төрағасы Қуандық Бишімбаев және Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев болашақ тұрғын үйлердің бірінің іргетасына алғашқы тасты қалау рәсіміне қатысты.
  
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстанда әлеуметтік тұрғын үйдің ауқымды құрылысы жүргізілуде. Холдинг осы бағытта үлкен жұмыс атқарып жатыр. Алдағы уақытта ол күшейе түседі. Бүгін біз Қызылордада мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде 12 тұрғын үйдің құрылысын бастаймыз. Бұл оқиғаның маңызы зор. Қыркүйекте жаңа көппәтерлі үйлерден шамамен 600 пәтерді көп балалы отбасылар, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, жетім балалар, толық емес отбасылар, сондай-ақ мүгедек балалары бар отбасылар алатын болады. Құрылыс барысында 1 мың жұмыс орны құрылады», - деді Қуандық Бишімбаев.

Жалға берілетін тұрғын үй құрылысының операторы «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы – «Бәйтерек девелопмент» АҚ болып табылады.