Құрылысының аяқталуы 2017 жылға жоспарланған Қызылорда қаласындағы «Orda Glass» шыны зауыты үшін жабдықтардың алғашқы жеткізілімі сәуірде жүзеге асырылады. Бұл туралы «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі мен Қызылорда облысының әкімдігі басшыларының қатысуымен өткен Қызылорда қаласындағы зауыт құрылысының барысы туралы жұмыс отырысының барысында белгілі болды.

Зауыт салу бойынша жоба «Бәйтерек» холдингі компаниялары тобының қолдауымен және шетелдік әріптес – табақ шыны өндірісі бойынша құрылыс жүргізу мен басқаруда тәжірибесі мол, шыны өнімін жасап шығаруда ең озық технологияларға патенттері бар «StewartEngineers, Inc» америкалық компанияның қатысуымен іске асырылады.
Жобаның құрылысы 2015 жылғы көктемде басталды. Бүгінгі күні дайын өнім қоймасының іргетасын салу жұмыстары аяқталды, қазаншұңқырда топырақты өңдеу орындалды, қабырғалық сэндвич-панельдерді монтаждау жүзеге асырылды, жабындарды монтаждау жүргізілуде және т.б. Объектіге 36 бірлік арнайы техника мен 229 жұмыскер жұмылдырылды.

Lahti Precision Oy (Финляндия), TECO (АҚШ), Bottero Glass Technologies (Италия), StewartEngineers Inc. (АҚШ), CNUD (Бельгия) сияқты әлемге әйгілі өнім берушілерімен зауытқа арналған жабдықты жеткізу бойынша келісімшарттар жасалды.

Осылайша, алғашқы жабдық – балқытпа ваннасын StewartEngineers Inc компаниясы Қазақстанға сәуірде әкеледі. Кейіннен шетелден  құрамды цех пен сынған шыныны қайтару желісі, шыны балқыту пеші, CVD жүйесі, күйдіру пеші, кесу желісі жеткізіледі.  Зауыт үшін жабдықтар жеткізілімі кестесінен басқа, жиналыста жобаның құрылысы бойынша ағымдағы мәселелер қаралып, мамандарды даярлау мәселесі де талқыланды.  

Атап айтқанда, мамандарды даярлау мақсатында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетімен және Н.Г. Чернышевский атындағы Саратов ұлттық мемлекеттік зерттеу университетімен келісімдер жасалды. Сондай-ақ, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-ға оқуды техникалық мамандықтар бойынша аяқтаған «Болашақ» халықаралық стипендиясының түлектері туралы сауал жолданып, деректер алынды.

Жобаның мердігері «Stewart engineers, inc» компаниясы қазіргі уақытта өндірістік цехтың қызметкерлерін оқытудың кестесін әзірлеп жатыр, оқу үш ай бойы шетелде компанияның өндірістік объектілерінің бірінде өтетін болады.

Зауыттың өндірістік қуаты жылына 197,1 мың тонна немесе тәулігіне 600 тонна шыныны құрайды. Жобаны іске асыру 300 тұрақты жұмыс орнын, құрылыс кезінде 200 жұмыс орнын ашады. Пайдалануға тапсыру –  2017 жылғы 2-тоқсан.

Жобаны іске асыру нәтижесінде бүгінде 100 % шетелден әкелінетін импортталатын құрылыс материалдарына Қазақстанның тәуелділігі азаяды. Шығарылатын өнімнің 70 %-ын ішкі нарыққа жеткізу жоспарланса, қалған  30 %-ын – экспортқа шығаралатын болады. Осы өндіріске қажеттілік Қазақстанда өзіндік өндірістің жоқтығына, сондай-ақ құрылыстың ұлғаюына байланысты табақ шыныға отандық сұраныстың күтілетін өсіміне негізделген.

Жергілікті нарықта өткізу үшін дайын өнімнің жоспарланған сұрыптамасы мөлдір шыны (флоат-шыны) 80 %-ды және сәулеттік шыны  20 %-ды құрайды.
  
Мамандардың бағалауы бойынша өнім құны жергілікті нарықта бәсекеге қабілетті болады. Бұған өңірде жергілікті шикізаттың болуы, арзан газ сияқты жағымды факторлар ықпал етеді.