Қазақстанда «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі іске асыратын «Бәсекеге қабілетті көшбасшылар – ұлттық чемпиондар» бағдарламасының екінші кезеңі басталады. Бұл туралы бағдарламаны талқылау бойынша басқарушы комитеттің кезекті отырысы барысында белгілі болды.

Отырысқа Қазақстанның Ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумның төрағасы Тимур Құлыбаев, «Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасы Қуандық Бишімбаев қатысты.

Бағдарламаның бірінші циклына тамақ өнеркәсібі, машина жасау және құрылыс материалдарының өндірісі сияқты салалардан 27 компания қатысуда. Бағдарламаның бірінші кезеңі қатысушылары үшін халықаралық сарапшылармен бірлесіп, 105 өсім бастамалары әзірленді, 2018 жылға қарай олардың тиімдігі: компаниялардың түсімі 170 млрд. теңгеге ұлғаяды, шамамен 5 мың жұмыс орны ашылады, экспорт 35 млрд. теңгеге және импортты алмастыру 66 млрд. теңгеге ұлғаяды, ЖІӨ-ге оң ықпалы 85 млрд. теңге мөлшерінде болады және салық алымы 24 млрд. теңгеге артады.

Бүгінгі күні жарияланған 105 бастаманың үлкен бөлігі (70 %-ға жуығы) іске қосылды немесе іске асырылып қойды.  

Компанияларға бастамаларды іске асыруда үш бағыт бойынша қолдау көрсетілді:  консультациялық қолдау (McKinsey сарапшыларының қатысуымен), қаржылық қолдау (бүгінгі күні қаржыландыру 19,2 млрд. теңге сомасына мақұлданды), мемлекеттік және институционалдық қолдау (Инвестициялар және даму министрлігінің, Ұлттық экономика министрлігінің, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қатысуымен).

Басым бастамалар ішінде: Ресей мен Қытай нарығына шығу, Қазақстан нарығынан импортты ығыстыру, «ұқыпты өндіріс» практикасын енгізу, жаңа өндірістік қуаттарға инвестициялау, баға белгілеуге тәсілдерді жақсарту, сатылымды басқару дағдыларын дамыту және т.б.  

«Бәйтерек» холдингінің төрағасы Қуандық Бишімбаев «Баян Сұлу» қатысушы-компаниясын мысалға келтіре отырып, енгізілетін бастамалардың тиіміділігі туралы айтып берді.  

«Баян Сұлу» компаниясы көтерме сауда жасаушылар арқылы ғана сатуға бағдарланған болатын. Диагностика жүргізу кезеңінде тікелей сатылымдарды дамыту бойынша бастама ұсынылды. Пилоттық жобаны енгізу нәтижесінде Оңтүстік Қазақстан облысындағы филиалында сатылым 40 млн. теңге дейін 2,6 есеге өсті», - деп атап өтті Қ. Бишімбаев.

«Ұлттық чемпиондар» бағдарламасын іске асырудың екінші кезеңінде қосымша өңдеу өнеркәсібі, қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы сияқты экономика салаларында жұмыс істейтін компанияларды да қосу жоспарлануда. Осы кезеңде «Ұлттық чемпиондар» бағдарламасына қатысу үшін 10 отандық компания іріктеледі деп күтіледі.

«Іріктеу өлшемшарттары болашақ ұлттық чемпиондар – аса ірі компаниялардың қатысуын көздейді. Компанияның жылдық айналымы 5 млрд-тан 70 млрд. теңгеге дейін құрауға тиіс. Табыстың басым бөлігі экономиканың таңдалған нысаналы секторының біріне тиесілі болуы қажет», - деп мәлімдеді «Бәйтерек» холдингінің басшысы.

Бағдарламаның екінші кезеңін іске асыру 3 кезең арқылы жүзеге асырылады: компанияларды таңдау, диагностика, бастамаларды іске асыруда қолдау көрсету.