Тегеранда қазақстандық-ирандық бизнес-форум шеңберінде екі елдің іскерлік кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Оның қорытындылары бойынша «Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасы Қуандық Бишімбаев қазақстандық тараптан тең төраға болып сайланды.

«Ираннан санкцияларды алып тастау және қазақстандық-ирандық іскерлік кеңестің алдағы тиімді жұмысы осы жылдың өзінде екі елдің өзара тиімді ынтымақтастығы жандана түседі деп үміттенуге мүмкіндік береді. Іскерлік кеңес Иран мен Қазақстанның сауда-инвестициялық ынтымақтастықтың, ғылыми-техникалық өзара іс-қимылының нығаюына жәрдемдесетін болады», - деді құжатқа қол қоюды түсіндіре отырып, «Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасы Қуандық Бишімбаев.

Оның айтуы бойынша, бүгінде Қазақстан – тікелей шетел инвестицияларын тарту бойынша ТМД елдері арасында көш бастап келеді. «Соңғы 10 жыл ішінде мемлекет 215 млрд. АҚШ долларынан астам сомаға тікелей инвестициялар тартты. Бұл тенденция Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша шетел капиталы үшін құрылған тартымды талаптарының дәлелі болып табылады», - деп баса айтты Қуандық Бишімбаев.

Өз кезегінде қазақстандық-ирандық іскерлік кеңестің тең төрағасы Әмір Абеди Иранның банк жүйесі қазақстандық банктермен корреспондеттік шоттарды жүргізу үшін ашық бола бастағанын атап өтті. «Банктік өзара іс-қимыл мәселесін шешу маңызды болып табылады. Онсыз сауда-инвестициялық өзара іс-қимылды дамыту мүмкін емес. Бұдан басқа, Қазақстан мен Иран арасындағы визалық режимді жою қажет. Қазіргі уақытта Иранда әуежайларда виза алу жүйесі әлемнің 190 елімен жұмыс істейді», - деп мәлімдеді Әмір Абеди.

«Қаржы жүйесі бірінші кезекте саудаға қызмет көрсетеді. Қазіргі уақытта Иранның 9 банкі SWIFT халықаралық төлем жасау жүйесіне қосылды деген ақпарат бар. Біздің делегацияға ирандық қаржы институттарымен қатынас орнатуға мүдделі қазақстандық банктердің өкілдері қатысып отыр», - деді Қуандық Бишімбаев.

Іскерлік кеңес отырысының қорытындылары бойынша Ираннан санкцияларды алып тастағаннан кейін бірінші келісімшартқа қол қойылды. Қазақстандық «Meat Processing and Service» компаниясы Иранға 30 млн. доллар сомасына ет өнімін жеткізу туралы шарт жасасты.