Астанада «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ, «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» АҚ және Корея Республикасының тұрғын үй кепілдігі Корпорациясы арасында өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды.

  «Бәйтерек» холдингінің Басқарма Төрағасы Айдар Әріпханов холдингтің негізгі басымдықтарының бірі - ынтымақтастықты жан-жақты дамыту және халықаралық серіктестермен өзара іс-қимыл жасау деп атады. Нақтырақ айтқанда, осы жұмыстың арқасында Қазақстанда Корея Республикасының тәжірибесі бойынша Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры құрылды және оның қызметі үшін қажетті заңнамалық база әзірленді.

 «Біздің ынтымақтастығымыздың негізгі қағидаттары Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Корея Республикасына ресми сапары аясында 2016 жылдың қарашасында қол қойылған өзара түсіністік туралы Меморандумда бекітілген. Бүгін біз Меморандумның мерзімін ұзартамыз, ол тәжірибе мен білім алмасуға негіз болады», - деп атап өтті Айдар Әріпханов.

Өз сөзінде Корея Республикасының Тұрғын үй кепілдігі корпорациясының басқарма төрағасы Ли Чае Кванг жемісті ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосқан үшін қазақстандық тарапқа ризашылығын білдірді.

 «Қазақстан Республикасы Үкіметінің және «Бәйтерек» холдингінің арқасында қысқа мерзім ішінде Қазақстанда тұрғын үй кепілдігі саласында Корея Республикасының тәжірибесі енгізілді. Бұл бірінші халықаралық жетістік, - деді Ли Чае Кванг. - Жаңа Меморандум практикалық және өзара тиімді жұмыстың нышаны болады деп сенемін. Біз ынтымақтастықты жүзеге асыру бойынша, атап айтқанда, бірлескен тәжірибе ұйымдастыру үшін, егжей-тегжейлі жоспарды ұстанамыз».

Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ким Дэ Сик екі жақты ынтымақтастықтың зор экономикалық әлеуетіне тоқталды.

«Ең жоғары ықтималдығы бар жерлерде - технологиялар, білім беру, әлеуметтік жобалар, тұрғын үймен қамтамасыз ету, біліктілікті арттыру, тәжірибе алмасу сияқты салаларда бірге жұмыс істеу маңызды, - деді Ким Дэ Сик. - Бұл екі ел үшін барынша пайда әкелетін салалардағы жетістіктер».

Меморандум аясында тараптар тұрғын үй құрылысына кепілдік беру саласындағы ынтымақтастықты дамытуға және қолдауға ниет білдірді. Бұл бағыттағы нақты қадамдар тұрғын үйді кепілдендіру жүйесі, тәжірибе алмасу, тұрғын үй құрылысы саласындағы ынтымақтастықты кеңейту және ақпарат алмасу, сондай-ақ жұмыс топтарын құру және тараптардың өкілдерінің бірлескен білім беру бағдарламаларына қатысуы саласындағы тәжірибе алмасу болады.