«Бәйтерек» холдингі басқармасының төрағасы Айдар Әріпханов бастаған қазақстандық делегация Мадридтегі Қазақстан-Испания бизнес-форумына қатысты.

Форум аясында «Бәйтерек» холдингі еншілес ұйымдарының басшылары испандық бизнес қауымдастығының өкілдерін «бір терезе» принципі бойынша қызмет көрсететін инвесторлармен жұмыс істеудің моделімен таныстырды, сондай-ақ испандық серіктестерге қызығушылық туғызатын жобалар туралы әңгімеледі.

«Қазақстан тәуелсіздік алған уақыттан бері Испаниямен тығыз ынтымақтастық орната білді. Испан елінің құрылыс, энергетика, азық-түлік өндірісі, көлік, әлеуметтік инфрақұрылымды басқару жобаларын жүзеге асыруда мол тәжірибесі бар екенін білеміз. Сондай-ақ мемлекеттік-жеке меншік серіктестікті дамыту бойынша испан тәжірибесі де қызығушылық тудырады. «Бәйтерек» холдингі біздің елдеріміз арасындағы бірлескен бизнес бастамаларда сенімді серіктес ретінде қызмет көрсетуге дайын», - деді Айдар Әріпханов.

Форумға 30-дан астам Испания компаниясы қатысып, олардың өкілдері өзара тиімді ынтымақтастыққа қызығушылық білдірді.

Қазақстандағы Maxam, TYPSA, Grupo Anka сияқты испан компанияларының басшылары Қазақстанға инвестиция салу тәжірибесі жөнінде әңгімелеп, өз отандастарына қазақстандық жобаларды белсенді түрде қарастыруды ұсынды.

Өз кезегінде «Бәйтерек» холдингі басқармасының төрағасы Айдар Әріпханов форумның қатысушыларын жазда Астанада өтетін Қазақстан-Испания іскерлік кеңесінің келесі кездесуіне шақырды.