«Бәйтерек» холдингінің Басқарма төрағасы Айдар Әріпхановтың жетекшілік етуімен Елбасы Жолдауының негізгі тараптарын түсіндіру бойынша Республикалық ақпараттық топ Ақтөбе облысына сапар шекті.

Сапар барысында Холдинг басшысы Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың тұрғындармен есептік кездесуіне қатысты, сондай-ақ «Нұр Ақтөбе» ықшам ауданындағы 9 қабатты тұрғын үй құрылысының барысымен танысты. 566 пәтерлі жалдамалы тұрғын үй «Нұрлы жер» бағдарламасының шеңберінде Қазақстандық ипотекалық компания («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) желісі бойынша салынуда. Құрылыстың бірінші кезегін ағымдағы жылдың мамыр айында тапсыру жоспарланған.

«Бәйтерек» холдингі Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауын жүзеге асыруға белсене қатысуда. Отандық кәсіпорындардың экспортын жаңғырту, цифрландыру және технологиялар трансферті шеңберінде Холдинг ірі кәсіпкерлік субъектілеріне де, шағын және орта бизнеске де көмек құралдарының кең спекторын ұсынады.

Ақтөбе облысында «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ («Бәйтерек» холдингі» АҚ-ның еншілес компаниясы) арқылы 505,5 млрд. теңгенің 10 инвестициялық жобасын қаржыландыру мақұлданды. Барлығы 476,7 млрд. теңгеге 8 инвестициялық жоба іске қосылды. Нәтижесінде, «Бәйтерек» холдингінің желісі бойынша 2 514 тұрақты жұмыс орны ашылды.

Шағын және орта бизнесті қолдау аясында 2017 жылы «Даму» қоры («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) облыс кәсіпкерлерінің 588 жобасын 30,4 млрд. теңгеге қаржыландырды. Ақтөбе облысы тұрғын үй жинақтарын жинақтау бойынша өңірлер арасында жетекші орынға ие. Қазіргі уақытта облыстың экономикалық белсенді тұрғындарының 19,7 пайызы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшысы болып табылады.

Сапар аясында ақпараттық топ мүшелері Ақтөбе облысының Мұғалжар, Алға, Хромтау, Мәртүк және Қарғалы аудандарының тұрғындарымен кездесулер өткізеді.